Кітап – рухани қазынаның кілті

Кітап – рухани қазынаның кілті

2026 жылғы 23 сәуір күні сағат 15:00-де Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Ақпараттық-кітапханалық орталығының №4 оқу залында Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған «Кітап – рухани қазынаның кілті» атты әдеби кеш жоғары деңгейде өтіп, кітапсүйер қауымның басын қосқан тағылымды мәдени шараға айналды.

Кештің негізгі мақсаты – кітап оқудың маңызын кеңінен насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу және оқырмандардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру болды.

Әдеби кеш барысында кітаптың қоғамдағы орны мен мәні туралы мазмұнды баяндама-презентация ұсынылып, қатысушыларға терең ой салды. Сонымен қатар «Менің сүйікті кітабым» айдары аясында көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы талқыланып, оқырмандар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, мазмұнды пікір алмасу алаңы қалыптасты.

Кеш аясында ақын-жазушылардың таңдаулы туындылары оқылып, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады. Оқырмандардың белсенділігін арттыру мақсатында «Ойлан, тап» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылып, олардың білімдерін шыңдауға мүмкіндік жасалды.

Кештің құрметті қонақтары – университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының кеңесшісі, «Тұлғатану» және «GARUSH» жобаларының авторы Айғожа Ұлан Сейсенұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ автор өз туындысын кітапхана қорына арнайы сыйға тартты.

Аталған әдеби кеш қатысушыларға рухани азық сыйлап, кітап оқудың маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті. Осындай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, ұлттық мәдениет пен әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыра түсетіні сөзсіз.