«Артық ғылым кітапта» атты әдеби-танымдық кеш
2025 жылғы 16 қыркүйек күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Ақпараттық-кітапханалық орталығында қазақтың біртуар ұлы, данышпан ақын, ойшыл-ғұлама, философ, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай, ақын шығармашылығына арналған «Артық ғылым кітапта» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Әдеби шараның негізгі мақсаты – Абай мұрасын кеңінен насихаттау, оқырман қауымға оның шығармашылығы мен дүниетанымын таныстыру, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу.

Кеш барысында университеттің Стратегия, ғылым-инновация және сыртқы байланыс жөніндегі проректоры Арман Ерғалиұлы Құдайбергенов, сондай-ақ М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің филология ғылымдарының кандидаты, доцент Темірбай Әлиұлы Мұқашев сөз алып, уақыт өткен сайын Абай мұрасының маңызы артып, оның ұлт тарихы мен әдебиетін құрметтеу жолындағы орны ерекше екендігін атап өтті.
Іс-шара аясында «Хакім Абай: Артық ғылым кітапта» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ақынның өлеңдері мен қара сөздері, сондай-ақ абайтанушылардың ғылыми еңбектері қойылды.

Әдеби кеште ұлы ойшылдың жүрек тереңінен туған жырлары, орыс тілінен аударылған өлеңдері жатқа оқылып, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан әуезді әндері орындалды. Сонымен қатар Абайдың қара сөздерінен үзінділер және абайтану ғылымына арналған еңбектер оқырман назарына ұсынылды.
Шараға қатысқан университет профессоры, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Меңдібай Әбілұлы өз сөзінде ақынның даналық дүниетанымы мен философиялық ой-толғамдарына кеңінен тоқталды.

Абай мұрасы – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Данышпан ойшылдың шығармашылық әлемін тануға деген қызығушылық жыл өткен сайын артып, абайтану ғылымының көкжиегі кеңейе беретіні сөзсіз.