
Шежіре шерткен қалам иесі
2025 жылдың 2 мамыр күні Халықаралық Тараз университетінің Ақпараттық-кітапханалық орталығы №4 оқу залының ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына арналған «Шежіре шерткен қалам иесі» атты әдеби кеш өтті.
Шараның басты мақсаты – қаламымен қазақтың шежіресін шерткен Ілияс Есенберлиннің бай шығармашылығын жастарға кеңінен таныстырып, ұлтжандылық рухын сіңіру, ұлы тұлғаның еңбектері арқылы тарихи құндылықтарымызды насихаттау, ұлт тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу болды.
Кеш барысында қатысушылар жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериалды тамашалады. Университет студенттері ақынның жүрек тербер жырларын жатқа оқып, шығармаларының тарихи негізі мен маңызын жан-жақты талдады.
Әдеби кештің шарықтау шегі ретінде «Көшпенділер» тарихи трилогиясынан үзінді көрсетілді. Қазақ халқының еркіндік жолындағы күресін, ел бастаған көсемдерінің бейнесін сомдайтын бұл туынды – Есенберлиннің шығармашылық мұрасының шоқтығы биік екенін тағы бір дәлелдеді.
Сондай-ақ, білімгерлердің тарихи танымын шыңдау мақсатында «Кім жылдам?» атты викториналық ойын-сайыс ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
Іс-шараға арнайы шақырылған Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназияның ұстазы Амирбаева Айжан Окілбайқызы қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысып, студенттердің шығармашылық қабілеттеріне жоғары баға берді.
Өлмес әдеби мұра қалдырған қаламгердің есімі мен еңбегі халық жадында мәңгі сақталып, келер ұрпақпен бірге жасай бермек.